
Барлық байлықтың жиынтығы не ақша, не болмаса таудай үйілген алтын емес, деннің саулығы ғана. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, ем іздеп, алдына баратын дәрігерлер қауымының қоғамдағы орны ерекше екені сөзсіз.
Әлемді жайлаған індет елімізді де айналып өтпеді. Қазіргі таңда қауіпті вируспен бүкіл ел күресуде. Күн сайын ауырғандар саны көбеюде. Осынау қиын-қыстау заманда күні-түні аянбай еңбек етіп жатқан ақ халатты абзал жандардың еңбегі өлшеусіз. Тіпті, өз өміріне қауіп төнсе де, науқастың жанына желеу болып, ауруға қарсы тұруда. Өз өмірлерін жауапты әрі қайырымды іске - адамның жаны мен тәнін сауықтыруға арнаған дәрігерлерге қандай құрмет көрсетсек те лайық. Бірақ, қазіргі таңда біздің құрметіміз де, көмегіміз де індеттің ушығып, жайылып кетпеуіне үлес қосу. Тәртіпке бағынып, салынған тиымдарға сабырлық танытуымыз керек. Барынша үйден шықпай, денсаулығымызға көңіл бөлейік. Індетке шалдыққан науқастар саны күрт көбейіп кетсе, небір мықты мамандардың қалың жұртты емдеуге күші жетпес. Біз – халық көппіз, ал дәрігерлер санаулы.
Аурудың жасқа да, кәріге де қарамастан, ұрымтал жерден соға беретіні ақиқат. Сондықтан ине мен пышақты өмірлеріне серік еткен ақ халатты, алтын қолды медбикелер қауымына еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейінгі адамдардың айтар алғысы шексіз.